Біздің тарихымыз

«Шалқар» ұлттық арнасы 1966 жылдың 1-қаңтарында ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті. 1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласының көлемінде ғана хабар таратты. Кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.
 
«Шалқар» ұлттық арнасы - республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна. Радио  өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 62,04 пайызына тарайды. Ғаламтордағы http://shalkarfm.kz жеке сайты арқылы әлемнің әр түкпірінен тыңдау мүмкіндігі бар.
 
«Шалқар» радиосының ресми сайты http://shalkarfm.kz   2011 жылғы 18 шілдеден ақпарат таратады. Онлайн трансляция 18 шілдесінен бері эфирде.
 
«Шалқар» ұлттық арнасының  басты мақсаты - қазақ халқының ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.   
 
Радиода әр жылдары белгілі журналистер М.Жантикин, Е.Әбдіғапаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін, Д.Исабеков, талантты дикторлар С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы  жұмыс істеді.
 
Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна  «Бүгінгі әдебиет», «Ағалардың алақаны», «Ғасыр ғибраттары», «Күй-шежіре», «Шалқар» шаңырағында, «Сал домбыра», «Інжу-маржан», «Наридірген», «Терме» сынды хабарларын ұсынып келеді. Алыстан атамекенін аңсап жеткен отандастарымыздың тыныс-тіршілігінен сыр шертетін «Туыстар-ай» хабары бүгінде тыңдармандардың зор ықыласына ие.
 
Сондай-ақ, «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттері берілуде. Өнер дүлдүлдерінің үнтаспаға жазылып алынған шығармаларын тұрақты түрде беру дәстүрге айналған. Сондықтан да «Шалқар» ұлттық арнасы арқылы таралатын музыкалық хабарлардың маңызы зор, көтеретін жүгі ауыр.
 
Радио 2012 жылы Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Орталықта жоғары деңгейдегі шығармашылықпен жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған. Жетілген сандық технология орнатылған. Мұны игеру арқылы радио мультимедия сапына қосылды.
 
Бұған дейін Қазақ радиосының құрамдас бір бөлігі - редакция болып келген радиоарна 2014 жылдың ақпан айынан бастап жеке радио болып қайта құрылды.