Болатбек Көрпебайұлы Төлепберген

Болатбек Көрпебайұлы Төлепберген – мектепті күміс медальға бітіріп,  Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетін тамамдаған. Философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғаған.
       Еңбек жолын «Өркен» және «Жас алаш» газеттерінің тілшісі болып бастаған. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі, «Зерде» және «Жалын» журналдары бас редакторының орынбасары, «Асар» жастар газетін ұйымдастырушы, бас редакторы, «Журналист» газетінің редакторы болды. Шалқар радиосының бас редакторы, Қазақ радиосы директорының орынбасары - «Шалқар» радиосының директоры,  «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС Бас редакторы қызметтерін атқарды. Қазір «Шалқар» радиосының директоры.


       Ұлттық мәселелер, тарихи ақтаңдақтар және демократия принциптері турасында өз авторлығымен және құрастыруымен жиырма кітапты жарыққа шығарған. «Көшкен күннің бояуы» публицистикалық кітабы, «Біз білмейтін желтоқсан»   кітабы, «Желтоқсан-86» он томдық естеліктер, құжаттар, мақалалар жинағы" (құрастырушы авторы), «1937-2007:Тауқымет пен тағзым» жинағы, «Мәңгі жас Алаш идеясы» кітабы, «Ұлтым деп соққан жүректер» жинағы, «Желтоқсан қарлығаштары» кітабы, «Ұлттық идея – тәуелсіздік тұғыры» кітабы, «Қасиеттім-Желтоқсан!» және «Біз осы не бітіріп жүрміз?» кітаптары жарық көрген. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік бесігін тербеткен», «Сүйікті менің отаным» атты деректі фильмдердің авторы. 


      Болатбек Төлепберген - Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» корпорациясының жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері (1993), «Сорос-Қазақстан» жас жазушылар бәйгесінің жүлдегері (1996), Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты (2003), «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медалінің иегері (2008), Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты (2008) және ҚР Мәдениет қайраткері (2009) және  ҚР Президентінің журналистика саласы бойынша сыйлығының лауреаты (2011), «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы» мерекелік медалінің иегері (2016). Қазақстан Жазушылар Одағы мен Журналистер Одағының мүшесі.