Нығметова Мейрамгүл Исатайқызы

 
Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданында дүниеге келген. Мұхит Мералыұлы атындағы Қаратөбе орта мектебін бітірген. Мектептен соң, екі жыл Қаратөбе аудандық «Еңбек туы» (қазіргі «Қаратөбе өңірі») газеті жанындағы аудандық радиоторабының хабарын ұйымдастырушы әрі дикторы болып қызмет атқарған.
 
Кейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультетін тәмамдаған.
 
1990-2000 жылдар аралығында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде, 2000-2001 жылдарда республикалық ғылыми-көпшілік «Зерде» журналында қызмет атқарған. 2001 жылдан «Қазақстан» ТРК АҚ Қазақ радиосында жүргізуші редактор, ал 2013 жылдың мамыр айынан Шалқар радиосының шолушы редакторы болып қызмет атқарып келеді.
 
ҚР Журналистер одағының мүшесі Мейрамгүл Исатайқызы мемлекетіміздің «2002 – 2005 Ауыл жылдары» қорытындысына орай 2005 жылы «Нұр Отан» партиясының Алғыс хатымен және бағалы сыйлығымен марапатталды.
 
2006 жылы Ел тәуелсіздігінің 15 жылдығына орай «Қазақстан» РТРК АҚ «Күміс жаршы» медалінің иегері атанды.
 
2016 жылы ҚР Денсаулық сақтау және Әлеуметтік даму министрлігі мен БҰҰ есірткі және қылмыстылық жөніндегі басқармасы (UNODC), «Аман-Саулық» қоғамдық қорының Гран-при жүлдесі мен қаржылай сыйлығын иемденді.
 
Сондай-ақ, ол 2016 жылы Журналистер мерекесі күніне орай «ҚР Ақпарат саласының үздігі» медалімен марапатталып, Астана қаласының әкімінің «Алғыс хатын» алған. 2015 жылы журналистің «Фәнилік сағыныш» атты кітабы жарық көрді.
 

Байланыс телефоны: 8 (717)2 75-73-14

Электронды поштасы: mi.nygmet@mail.ru​