«Оразалының толғауы». Еркегүл Айдолқызы

Оразалының толғауы


15:07, 5 желтоқсан 2015   1846

Ал, қауым келдім алдыңа, алақандаса өз елім,
Көңілің болса, бал құрақ, арқаланайын дегенім.
Тұра алмай кетер қарғылап өзектен шыққан өлеңім
Ақ бұлттан бөрік киінген Хан таудай биік өр елім.

Қолыма алған домбыра әрлі де берлі толғаған,
Толғай да толғай сөз айтам, толайым дүние толмаған.
Толмаса егер айтайын, ойымды қанат қомдаған,
Сарыарқа байтақ жерімді саңлақ бабам қорғаған.

Талай да талай дұшпанның шашылып қаны сорлаған,
Қытай да менің өз жерім аспанын қазақ торлаған.
Атасы басқа жет сөзім, астыма мінген ақтаңгер
Түсінбейді-ау көп адам бұл сөзімді мақтан дер.

Алатау, Алтай, Атырау шалқыған шалқар төр едім,
Сарыарқамды шарласам, қабырғамды сөгемін.
Ұлытау ұлар ұшырып сайлаған ханын жер едім,
Қазығұрттың басында әулие боп қалған кемемін.

Моңғол да менің өз жерім, қазағым малын баққан жер,
Астрахан да өз жерім, Абылай бабам шапқан жер.
Орынбор да өз жерім, Шоқан атам басқан жер, 
Ташкент те менің өз жерім, Төле би бабам жатқан жер.

Қолыма алған домбыра әрлі де берлі толғаған,
Толғай да толғай сөз айтам, толайым дүние толмаған.
Толмаса егер айтайын, ойымды қанат қомдаған,
Сарыарқа байтақ жерімді саңлақ бабам қорғаған.

Алатау, Алтай, Атырау шалқыған шалқар төр едім,
Сарыарқамды шарласам, қабырғамды сөгемін.
Ұлытау, ұлар ұшырып сайлаған ханын жер едім,
Қазығұрттың басында әулие боп қалған кемемін.

Шатасып жүрген ғалымнан шатақсыз жүрген ұл артық,
Айтыңдаршы ағайын, сараптап бәрін кім артық?!