Ырғынбек & Бақтынұр дуэті «Саз керуеннің» І айналымында жеңіске жетті

12:58, 17 ақпан 2017   635

«Шалқар» ұлттық радиосының «Саз керуен» хит шеруінің биылғы жылдағы І айналымы қорытындыланды.

Vote.kaztrk.kz сайтында үміткерлер арасынан Ырғынбек пен Бақтынұр («Жүздесейік» әнімен), Қайсар Талғат («Өмір») және Апош Сарбаз («Тарбағатай») интернет қолданушылардың көп дауысына ие болды.

«Шалқар» ұлттық арнасының Көркемдік кеңесі туындылардың мәтініне, орындаушылық шеберлігіне, музыкалық өңделуіне қарап, Ырғынбек пен Бақтынұр дуэтінің орындауындағы «Жүздесейік» әнін үздік деп таныды. Бұл ән жылдық байқауға жолдама алды.

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

«Шалқар» радиосының 50 жылдығы қайырымдылық шараларымен өтуде

Қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау арқылы ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосы биыл өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жыл басынан бері радио басшылығының бастамасымен бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді.

«Шалқар» ұжымы наурыз айында «Тұран-Астана» университетінде Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді.

Сондай-ақ, 27 наурыз – Театр күніне орай Қазақ драма театрлары арасында  «Шалқар шабыт» атты байқау ұйымдастырды. Онда республикалық театр репертуарларынан үздік 12 қойылым таңдап алынып, радионың ресми shalkarfm.kz сайты арқылы  дауыс беру жүргізілді.

Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауы жарияланды. Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер бас қосып, үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұдан бөлек, 50 жылдыққа орай үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы эфирге шықты. Ерекшелігі –жобаға кәсіби және әуесқой әншілер ең соңғы шыққан әндерін ұсынады. Жолданған әуен радионың Көркемдік кеңесі арқылы іріктеледі. Ай қорытындысы бойынша shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады және жылдық байқауға жолдама алады.

«Қолға алынған жобалар мен атқарылған игі істердің барлығы - «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.

Радио өнімдері қазіргі кезде ел аумағының 62,04 пайызына тарайды. Апта сайын әуе толқынына 75 радиохабар шығады. 

Олардың ішінде музыка - 54%, танымдық хабарлар -10 %-ды, әдеби-музыкалық хабарлар - 20 %-ды, мәдени-сауықтық бағдарламалар – 10 %-ды, «Алтын қор» хабарлары -  3 және жарнама 3 %-ды құрайды.

Тыңдармандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында тікелей толқында өтетін «Таңжарық», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп келеді.

Радио эфирінен аптасына бір рет берілетін мәдени-танымдық «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Дәстүр», «Жақсының жары», «Зиялы қауым», «Парыз», сондай-ақ, әдеби-музыкалық  «Түркі сазы», «Наридірген», «Күй-шежіре», «Шабыт», «Аққулы айдын» сынды хабарлар бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна әлі де сол қалпынан жаңылған жоқ.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.