"Шығыс базары" дәстүрлі Орталық Азия қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтеді

16:07, 28 қараша 2019   56

29 қараша мен 1 желтоқсан күндері Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнін мерекелеу аясында Алматыда "Шығыс базары" дәстүрлі Орталық Азия қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Аталған шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейі және "Бақыт" сәндік-қолданбалы өнер орталығы бірлесіп ұйымдастырады.

Жәрмеңкеге Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және Ресей шеберлерінің сыйлық және кәдесый өнімдері қойылмақ.

Жаңа жылдық мереке қарсаңында келушілердің назарына киім, зергерлік бұйымдар, музыкалық аспаптар, шығыс миниатюрасы, киіз және жібек бұйымдары, тоқыма және тоқылған заттар, кілемдер мен шамдар, амулет және былғары бұйымдар ұсынылады.

Сонымен қатар, жәрмеңке барысында ҚР Тұңғыш президентінің "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы аясында көркем мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары арасында "Ұлттық тақырыпта натюрморт" атты халықаралық көркем шығармалар байқауы өтеді. Сондай-ақ, музейге келушілер үшін көркем сурет салу бойынша шеберлік-сабақтар ұйымдастырылады.