ШҚО-дағы бірқатар білім ошақтарына қазақтың көрнекті тұлғаларының есімдері берілмек

16:38, 6 қараша 2019   62

Өскемендегі гуманитарлық колледжге Абай есімі берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық мәслихаттың депутаттары республикалық ономостика комиссиясына осындай ұсыныс жіберді. Сондай-ақ аймақ көлеміндегі тағы жиырмадан астам мектеп пен колледждің атауын өзгерту жоспарда бар.

Айталық, Өскемен қаласындағы «Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын №38 гимназиясына» Лев Гумилев есімі, №39 орта мектепке Ыбырай Алтынсарин есімі берілуі мүмкін. Сондай-ақ Семейдегі №49 орта мектепті Абай есімімен, №3 орта мектепті Мұхтар Әуезов есімімен, №47 орта мектепті Ахмет Байтұрсынұлы есімімен, №37 гимназияны Ыбырай Алтынсарин есімімен, №39 орта мектепті Әлихан Бөкейханов есімімен, №34 орта мектепті Бауыржан Момышұлы есімімен, №2 орта мектепті Қаныш Сәтбаев есімімен, Пригород орта мектебін Жүсіпбек Аймауытов есімімен атау ұсынылды.

Сондай-ақ Бесқарағай, Шемонайха, Глубокое аудандарындағы 11 мектептің атауы өзгеріп, елге танымал тұлғалардың есімі берілуі мүмкін.