Шалқардың кешкі жаңалықтары


18:34, 7 қазан 2019   73

  • Болгария Республикасының вице-президенті Илиана Йотова жұмыс сапарымен Қазақстанда жүр. «Болгарияның вице-президенті Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан халқы Ассемблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаевпен келіссөз өткізді. Сонымен қатар, ертең Болгария вице-президенті Павлодар қаласына іссапармен барады», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров тілшілерге арналған брифинг барысында. Илиана Йотова Павлодарға барып, облыс және қала басшыларымен, болгар диаспорасымен кездесуді жоспарлап отыр. Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстанға Моңғолия Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға ресми сапармен келетіні хабарланған болатын.

 

  • 10 қазанда Қазақстанға Моңғолия Премьер-министрі Ухнаагийн Хурэлсух Қазақстанға ресми сапармен келеді. Сапар барысында оның Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминмен келіссөздері жоспарланған. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланады», - деді елордада өткен брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров. Оның айтуынша, екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен білім беру, терроризмге қарсы іс-қимыл, қылмыстық және азаматтық істер бойынша құқықтық көмек салаларында екіжақты ынтымақтастықты сапалы, жаңа деңгейге шығаруға арналған бірқатар келісім мен меморандумға қол қойылады. 

 

  • Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Ақтөбе облысына жұмыс сапары барысында облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Сенат басшысы депутаттарды мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады. Д.Назарбаеваның айтуынша, өкілді органдар жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде аса маңызды рөл атқарады. Сенатта аймақтармен ынтымақтастықты арттыруға арналған жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді. Сенат мәслихаттардың рөлін одан әрі нығайту және мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған негізде қызмет атқаратын депутаттар институтын енгізу жөнінде үкіметке ұсыныстар топтамасын әзірледі. Оның бәрі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға түзетулерде көрініс тапты. Дариға Назарбаева мәслихат депутаттарын құжатты белсенді түрде талқылауға шақырды.

 

  • Бүгін Аstana LRTкөлік картасын пайдаланушылар үшін жеке кабинет қызметін іске қосты. Онда көлік картасының теңгерімін толтырып, оны тексеріп, сапараыңыз туралы ақпаратты алуға болады. Ол үшін Transcard мобильді қосымшасын орнатуыңыз қажет. Қосымшаға тіркелген соң, көлік картаңызды қосуыңыз керек. Жеке кабинетті қосымша мен сайтта пайдалануға болады. Жолаушылар пойызы бойынша детализацияны сіз сұрау берілген сәттен бастап 10 күннің ішінде ала аласыз. Жақын арада жеке кабинетте жоғалған көлік картасын бұғаттау және теңгерімді/тарифті басқа картаға ауыстыру сияқты мүмкіндіктер пайда болады.

 

  • «Рүстем Әбдірашев түсірген «Қазақ хандығы. Алтын тақ» фильмі Америка киноакдемиясының «Оскар» сыйлығына «Шет тілдегі ең үздік фильм» номинациясына ұсынылды. «92-Оскар сыйлығы Лос Анджелесте 2020 жылдың 9 ақпанында табысталады», деп жазады Hollywood Reporter. Автор Рүстем Әбдірашев түсірген фильм орта ғасырлардағы қазақ хандығының тарихын баяндайтын эпикалық сериалдың екінші бөлігі екенін жазған.  Айта кетейік, Қазақстан Оскарға алғаш рет 1992 жылы фильм ұсынды және 2006 жылдан бері оған жыл сайын қатысып келеді. Содан бері Қазақстан үш номинация алған, соның ішінде 2018 жылғы «Айка» фильмі де бар.

 

  • Стокгольмде Медицина және физиология бойынша Нобель сыйлығы лауреаттарының аттары аталды. Сыйлық жасушалардың оттегінің тапшылығына бейімделуін зерттегені үшін Уильям Келинге, Питер Рэтклиффке және Грегг Семензаға табысталды.