Шаһаризада Әмірқызы: Шығармашылығымды Астанамен байланыстырғым келеді (АУДИО)


16:58, 19 қаңтар 2018   1045

     «Shalqar» радиосының «Таңжарық» бағдарламасына арнайы қасиетті Маңғыстау өңірі Ақтау қаласынан келген әнші Шаһаризада Әмірқызы шығармашылығындағы жоспарларымен бөлісіп, әндерін тарту етті.

     Шаһаризада Әмірқызы - М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының әншісі және Маңғыстау облыстық коледжінің ұстазы. 

     Студия қонағы болашақта шығармашылығын Астанамен байланыстыратынын айтады. 

     Өнерге қалай келгені туралы: «1995 жылы Абай оқырмандары арасында байқау өтіп, 2-орын алдым. Одан кейін Қыз сыны байқауынан 1-орын иемденіп, Ару Тоғжан атандым. Кейін ауылымызға Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыз келгенде мен де сол сахнада өнер көрсеттім. Домбырамен «Айнамкөз» әнін орындап, Тұңғышбай ағаның жоғары бағасын алдым және өзі дәріс беретін Т.Жүргенов атындағы кино және өнер институтына шақырды.

     1997 жылы Алматы қаласына келіп, Өнер академиясына ең жоғарғы баллмен оқуға түстім. Профессор Мақсұт Оразұлы Жүнісовтен тәлім алдым. Академиялық өнерге, әнге махаббатымды оятып, талантымды ашқан бірден-бір адам – ол Мақсұт Оразұлы. Одан кейін Кәукен Кенжетаев, Есім Сегізбаев, Роза Жаманова сияқты ұстаздардан дәріс алдым», - дейді. 

     Ең алғаш сахнаға «Отырар сазы» оркестрінің жүргізушісі болып шыққан әншінің репертуарында халық әндерінен бастап, классикалық орыс, шетел композиторларының романстары, әлем халықтарының халық әндері, Батыс Еуропа ариялары, әлемдік деңгейдегі шығармалар бар.

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

«Шалқар» радиосының 50 жылдығы қайырымдылық шараларымен өтуде

Қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау арқылы ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосы биыл өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жыл басынан бері радио басшылығының бастамасымен бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді.

«Шалқар» ұжымы наурыз айында «Тұран-Астана» университетінде Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді.

Сондай-ақ, 27 наурыз – Театр күніне орай Қазақ драма театрлары арасында  «Шалқар шабыт» атты байқау ұйымдастырды. Онда республикалық театр репертуарларынан үздік 12 қойылым таңдап алынып, радионың ресми shalkarfm.kz сайты арқылы  дауыс беру жүргізілді.

Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауы жарияланды. Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер бас қосып, үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұдан бөлек, 50 жылдыққа орай үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы эфирге шықты. Ерекшелігі –жобаға кәсіби және әуесқой әншілер ең соңғы шыққан әндерін ұсынады. Жолданған әуен радионың Көркемдік кеңесі арқылы іріктеледі. Ай қорытындысы бойынша shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады және жылдық байқауға жолдама алады.

«Қолға алынған жобалар мен атқарылған игі істердің барлығы - «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.

Радио өнімдері қазіргі кезде ел аумағының 62,04 пайызына тарайды. Апта сайын әуе толқынына 75 радиохабар шығады. 

Олардың ішінде музыка - 54%, танымдық хабарлар -10 %-ды, әдеби-музыкалық хабарлар - 20 %-ды, мәдени-сауықтық бағдарламалар – 10 %-ды, «Алтын қор» хабарлары -  3 және жарнама 3 %-ды құрайды.

Тыңдармандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында тікелей толқында өтетін «Таңжарық», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп келеді.

Радио эфирінен аптасына бір рет берілетін мәдени-танымдық «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Дәстүр», «Жақсының жары», «Зиялы қауым», «Парыз», сондай-ақ, әдеби-музыкалық  «Түркі сазы», «Наридірген», «Күй-шежіре», «Шабыт», «Аққулы айдын» сынды хабарлар бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна әлі де сол қалпынан жаңылған жоқ.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.