«Qazaq radiolaryның» көшпелі студиясы Түркиядан хабар таратты

12:18, 5 мамыр 2018   584

Түркияда радио күні аталып өтті. Атаулы шараны TRT телерадиокорпорациясы ұйымдастыртырды.  Басқосуға 12 мемлекеттің радио өкілдері және журналистері келді. 

Үш күнге созылған жиында «Qazaq radiolary» түрлі келісімге қол қойды.

Бұл туралы көшпелі студия арқылы тікелей эфирге қосылған радиокөпірде айтылды.

Халықаралық шара аясында талаптар 30 минуттық хабардайындауға келісті. Енді апта сайын Қазақ радиосы үшін Түркиялық әріптестер, ал Түркия радиосы үшін Астаналық әріптестер жарты сағаттық бағдарлама алмасатын болды. Яғни, бұдан былай Түркияның мемлекеттік радиосынан қазақтың заманауи және классикалық әуендері берілетін болады.

Бұдан бөлек, ынтымақтастық - шығармашылық байланыстар орнату бағытында кездесулер өтті. Ал, басқосуға қатысушылар медиа саласының өзекті мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасты.

«Үйренетін дүние көп. Соның алғашқыларының бірі – еркіндік. Екіншісі, жаңа медиаға бетбұрыс. Сонымен қатар, салалық радиолардың көптігін түсіндік. Бізде де  салалық радиолар бар. Біз радиолардың ара-жігін ажыраттық. Мәселен, Қазақ радиосы - әмбебап. Спорт, мәдениет, саясат, тарих тақырыбын қамтиды. «Шалқар» радиосы – ұлттық рухани. Жастар радиосы - «Астана». Классикалық музыкаларды насихаттайтын - «Classic» радиосы. Жуырда елімізде «Бизнес» радиосы ашылды. Болашақта денсаулыққа, ауылшаруашылығына арналған радиолар ашылады деген ойдамыз. Міне, осы радиоларды қалай ашты, қалай ұйымдастырды соны үйренеміз деген ойым бар», - дейді «Qazaq radiolary» ЖШС-нің бас директоры Мәди Манатбек.

«TRT телерадиокорпорациясында білім беру, тәжірибе алмасу, ағартушылық бағытта жұмыс жасайтын арнайы бөлім бар. Сол бөлім әлемдегі БАҚ өкілдерімен екі жақты ынтымақтастық орнатып, меморандум сияқты құжаттар бекітеміз. Жыл сайын әлемнің көптеген өлкелерінен журналистерді оның ішінде телевидение саласының және радио саласының журналистерін шақырып, өзара тәждірибе алмасуға мүмкіндік жасайтын үлкен форумдар өткіземіз. Мысалы өткен жылы 70 елден 200 – ге жуық журналистер келді»,- дейді TRT телерадио корпорациясы басшысының бірінші орынбасары Эркан Дурду.

 

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

«Шалқар» радиосының 50 жылдығы қайырымдылық шараларымен өтуде

Қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау арқылы ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосы биыл өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жыл басынан бері радио басшылығының бастамасымен бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді.

«Шалқар» ұжымы наурыз айында «Тұран-Астана» университетінде Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді.

Сондай-ақ, 27 наурыз – Театр күніне орай Қазақ драма театрлары арасында  «Шалқар шабыт» атты байқау ұйымдастырды. Онда республикалық театр репертуарларынан үздік 12 қойылым таңдап алынып, радионың ресми shalkarfm.kz сайты арқылы  дауыс беру жүргізілді.

Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауы жарияланды. Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер бас қосып, үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұдан бөлек, 50 жылдыққа орай үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы эфирге шықты. Ерекшелігі –жобаға кәсіби және әуесқой әншілер ең соңғы шыққан әндерін ұсынады. Жолданған әуен радионың Көркемдік кеңесі арқылы іріктеледі. Ай қорытындысы бойынша shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады және жылдық байқауға жолдама алады.

«Қолға алынған жобалар мен атқарылған игі істердің барлығы - «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.

Радио өнімдері қазіргі кезде ел аумағының 62,04 пайызына тарайды. Апта сайын әуе толқынына 75 радиохабар шығады. 

Олардың ішінде музыка - 54%, танымдық хабарлар -10 %-ды, әдеби-музыкалық хабарлар - 20 %-ды, мәдени-сауықтық бағдарламалар – 10 %-ды, «Алтын қор» хабарлары -  3 және жарнама 3 %-ды құрайды.

Тыңдармандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында тікелей толқында өтетін «Таңжарық», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп келеді.

Радио эфирінен аптасына бір рет берілетін мәдени-танымдық «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Дәстүр», «Жақсының жары», «Зиялы қауым», «Парыз», сондай-ақ, әдеби-музыкалық  «Түркі сазы», «Наридірген», «Күй-шежіре», «Шабыт», «Аққулы айдын» сынды хабарлар бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна әлі де сол қалпынан жаңылған жоқ.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.