«Мың алғыс» қайырымдылық кешінде 3 миллионға жуық қаржы жиналды

10:23, 28 ақпан 2018   2055

   Қазақ радиолары ұйымдастырған «Мың алғыс» қайырымдылық кешінен 3 миллионға жуық қаржы жиналды. Жиналған қаржы туғаннан көзі көрмейтін 1 жасар Арманның еміне беріледі деп жоспарланған.

   Арманның анасы Меруерт Айдарәлиева өткен жылдың қыркүйек айында «Жан жылуы» бағдарламасына хабарласып, глаукома су қараңғылық диагнозы баласы үшін көмек сұраған болатын.

   Петербург мамандары Арман Ардақұлына ота жасауға дайын. Алайда, қолдың қысқалығы, кішкентайдың көруіне қолбайлау болған.

   «Санкт-Петербургтегі кішкентай балаларға ота жасай алады екен, Арманды әкеліңіз деп отыр. Бір көзіне 2 миллиондай кетеді. Соған менің баламның ең болмаса бір көзі көрсе екен деген арманым бар. Сол үшін сіздерден көмек сұраймын. Қазақ радиосы үмітімді ақтады. Бүгінгі концертте осындай қуанышқа кенелемін деп ойламадым. Барлығы үшін алғысымды білдіремін»,- дейді Меруерт Айдарәлиева.

   2 сағатқа созылған қайырымдылық шарасында жомарт жандар аз болмады. Болатбек Жоланұлы есімді кәсіпкер Арманның Петербургке барып келуіне қажет жол билеттерін алып беруге уәде етті.

   Ал белгілі исламтанушы, ғалым  Қайрат Жолдыбайұлы мен Шымкентік кәсіпкер, «Ернияз» компаниясының бас директоры Ербол Дайраш көмекке зәру отбасына 2 млн теңге берді.

   Ал қайырымдылық кешін тамашалауға келген халықтан 700 мың теңге жиналды. Бұл қаражатты Қазақ радиосының ұжымы ертең қолдауға зәру отбасына табыстайтын болады.

   Айта кетейік, «Жан жылуы» бағдарламасының «Қазақ радиосы» эфиріне шыққанына 9 ай болды. Осы уақыт ішінде бағдарлама 5 баланың шетелде ем алуына, 1 көп балалы отбасының 3 бөлмелі пәтерге ие болуына септігін тигізді. Көмекке мұқтаж жандарға «Қазақ радиосының» тыңдаушылары тарапынан 33 млн теңгеден астам қайырымдылық жасалды.

 

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

1966 жылы 1 қаңтарда «Шалқар» ұлттық арнасы ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасы ретінде тұсауын кесті.

1998 жылы жұмысын уақытша тоқтатқанымен, 2002 жылы қайта ашылып, алғашында тек Алматы қаласында ғана хабар таратты. Кейіннен эфир уақыты ұлғайып, республика аумағына тарай бастады.

2011 жылы 18 шілдеден бастап «Шалқар» радиосының shalqar.fm ресми сайты ақпарат таратады.

2012 жылы радио Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығына» көшті. Заман талабына сай сандық технология орнатылған. Мұны игеру арқылы радио мультимедия сапына қосылды.

2014 жылдың ақпан айынан бастап жеке радио болып қайта құрылды. Бұған дейін Қазақ радиосының құрамдас бір бөлігі ретінде редакция болып келген.

Радио өнімдері қазіргі кезде республика аумағының 64%-на тарайды.

«Шалқар» ұлттық радиосы – республикадағы тек қана қазақ тілінде хабар тарататын жалғыз арна.

«Шалқар» ұлттық радиосының басты мақсаты – қазақ халқының ұлттық, рухани құндылықтарын насихаттау. Алғаш ашылғанда «Өнерім-өмірім», «Атадан қалған асыл сөз», «Жеті ғасыр жырлайды», «Алтын тамыр» сынды бағдарламалар арқылы тыңдарман жүрегіне жол тапты.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан радио «Ән домбыра», «Қазақтың 1000 күйі», «Дәуір сазы», «Құтты қонақ», «Бозжусан», «Айтыс ақтаңгері», «Қазақы әңгіме», «Отанды сүю», «Дәстүр», «Бесігіңді түзе», «Құс жолы», «Қауырсын ғалам», «Күй шашу» «Жақсының жары» сынды хабарларын ұсынып келеді.

Сондай-ақ, «Замана бұлбұлдары» айдарынан Жүсіпбек Елебеков, Жәнібек Кәрменов, «Бізге қымбат дауыстар» айдарынан Жамал Омарова, Роза Бағланова сынды саңлақтардың концерттері берілуде. Өнер дүлдүлдерінің үнтаспаға жазылып алынған шығармаларын тұрақты түрде беру дәстүрге айналған. Сондықтан да «Шалқар» ұлттық арнасы арқылы таралатын музыкалық хабарлардың маңызы зор, көтеретін жүгі ауыр.

Радиода әр жылдары белгілі журналистер М.Жантикин, Е.Әбдіғапаров, Т.Рсаев, У.Қыдырханов, Е.Қашқынов, Ғ.Есенсариев, А.Еңсебайұлы, Т.Момбекұлы, Ғ.Игісін, Д.Исабеков, Д. Қанатбаев, талантты дикторлар С.Жақанова, О.Қалмырзаев, Ұ.Бармашқызы жұмыс істеді.