Марат Ілиясов: Бауыржан Момышұлы мені Евгений Брусиловскийдің немересі деп атаған


11:43, 4 ақпан 2019   237


Ақпанның екінші жұлдызында «Есіл дәуреннің есті әндері» хабары жарыққа шықты. Бағдарламаға «Қазақы дастархан», «Ерлікке ескерткіш», «Балуан Шолақ», «Мен саған өкпелемеймін», «Құштарым сен», «Арманға бірге барайық»,«Аққуымды аяла»,«Мерекем сен», «Сұлуым», «Сезім» сияқты әндерімен танылған композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Марат Ілиясов қонаққа келді. 
Композитор қазір Астана қаласында «Қазақстан» телерадиокорпорациясында қызмет етіп жүр. Ол қазақ телевизиясының қарашаңырағында 35 жылға жуық қызмет еткенін айтты.  
Бауыржан Момышұлы композиторды «Евгений Брусиловскийдің немересі» деп атаған.  Сазгер Әсет Бейсеуов «Батыр Бауыржан» деген операны жазып, Бауыржан Момышұлының туған күніне сыйға тартқанына куә болғанын айтты. Осы операның әлі де қойылмай, жарыққа шықпай жүргеніне қапалы екенін жеткізді. 


«Мені танымал еткен ән – «Қазақы дастарханым», Марқұм Мәдина Ералиева осы әнді Түркия, Моңғолияда шырқады. Шет елдегі қандастарымыздың гимніне айналып кетті деуге болады» деді Ілиясов. 
Сөз соңында «Мұхтар Әуезовтің баянын әлі де сақтап келемін. Алматыдағы студияма қойып қойдым» деп сыр бөлісті.