Кітапхана саласының қыр-сыры

12:10, 30 қыркүйек 2019   72

«Шалқар шаңырағында» бағдарламасының жаңа аптасын республикалық «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы директорының орынбасары, IT маман, кітапханашы, ақпараттық жүйелер бойынша маркетолог Нұржан Жолдыбалиновтың сұхбатымен бастадық.

Республикалық «100 жаңа есім» жобасына енген талантты, талапты жастардың бірі Нұржан Жолдыбалинов айтулы жобаға – Қазақстандық Ұлттық электронды кітапхананы әзірлеуге қатысқан ең жас IT маман ретінде кірген болатын. Аталған жобадан кейін жауапкершілік бұрынғыдан да арта түскендігін, артқан жүктің салмағы жеңіл еместігін айтты.

Сонымен қатар, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары мен бір жүйеге енген электронды кітапхананың ақпараттық ресурстары және тың идеялары, іске асырып жатқан жобалары мен жаңалықтары турасында ой өрбітті. Жалпы кітапхана саласының қыр-сыры жөнінде кеңінен ақпарат беріп, кітапхана саласы заманауи бағытта жұмыс жасайтынын және күні кеше ғана Әзірбайжандағы кітапханада Қазақстанның мәдени-әдеби бөлімін ашқандығын хабарлады.

Оқырманның талабы өзгерген заманда электронды кітап оқи отырып, тіпті жолда келе жатып қалаған кітабыңызға мобильді қосыша арқылы алдын-ала тапсырыс беру мүмкіндігі осы таңда ешкімді таңқалдырмайтындығын айтты. Кітапхана саласындағы жаңалықтармен бөлісіп, жаңа IT технологияны дұрыс енгізу жолдарын тілге тиек етті.

Бағдарламаның аудионұсқасын төмендегі сілтеме арқылы тыңдай аласыз.

http://shalqar.fm/kz/archive/programs/programs_shalkar/shalqar_shanyragynda/1023916