«Киелі Қазақстан» айдары жарыққа шықты

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ-жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деген болатын. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтарын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын айтып өткен болатын. Осы бағдарламаның негізінде Қазақстанның 100 қасиетті орындары мен кешендерінің тізімі анықталып, «Киелі Қазақстан» жобасы қолға алынды.


15:10, 6 наурыз 2019   439

«Шалқар» радиосы «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе отырып, «Киелі Қазақстан» айдарымен еліміздің әр өңірінен жалпыұлттық  қасиетті  нысандар  қатарына  енген киелі мекендер туралы аңыздардан өрілген тың жобаны әр  аптаның дүйсенбі,  сәрсенбі күндері  назарларыңызға  ұсынады.

Осы  мақсатта,  қазіргі  кезде жалпыұлттық  деңгейлі 100 нысан мен кешендер тізімге  енді. Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес  топқа жіктелді:

1.Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып  кеткен, кейбіреуі қазірдің  өзінде мемлекет қарауында  тұрған табиғат  құбылыстарының нәтижесінде пайда  болған  орындар.

2. Археологиялық ескерткіштер және  орта ғасырлық қалалық  орталықтар. Бұл  топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың  қалыптасуында ерекше рөл  атқарған, Қазақ  мемлекетінің, Ұлы  Жібек жолының құрылуына  ұйтқы  болған ортағасырлық қалалар  кіреді.

3.Діни және ғибадат орындары болып табылатын  орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі  кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға  айналған, көне  түркі  дәуірі  және  орта  ғасырлардағы, сонымен  бірге XIX  ғасыр  аяғы – XX ырдың басына дейінгі  тарихи  тұлғаларды  қамтиды.

4.Тарихи тұлғаларға қатысты  қасиетті  орындар. Қазақстан  тарихында  елеулі  орын  алатын, бүкіл  өмірін  қазақ  елінің  бостандығы  мен егемендігіне  арнап,  үш  жүздің  батыр-билерін  жиып, елдік  маңызды  мәселелерді  шешкен  хандар, қазақ  хандығының тәуелсіздігі  үшін  күрескен қазақтың  батырлары, ұлт-азаттық  қозғалысының  жетекшілері, қолбасшылар, ғылым  мен білімге, мәдениетке үлес  қосқан мемлекет  және  қоғам  қайраткерлері, ақындар,  ғалымдар,  ағартушылар  туралы  мәні зор  орындар алынып  отыр.

5. Саяси, тарихи оқиғаларға  байланысты  қасиетті  орындар. Қазақ  даласында  қазақ  халқының  бірлігі  үшін  болған  шайқастарды,  ерлікті, батырлықты, қайсарлықты  насихаттайтын, елдің  бірлігін білдіретін ескерткіштер  мен ел  жадында  өшпес із  қалдырған  қасіретті  орындар  мен  қоғамның,  мемлекеттің  тарихында  ерекше  орны  бар мемлекетіміздің  жаңа  нышандары еніп  отыр.

Хакім Абай:  «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әртүрлі кен, Ішінде жүз мың түрлі асылы бар», деп текке  айтпаса керек. Кең   дала,  қасиетті құт-мекен  халықтың  рухани  байлығы.