«Қазақфильм» кастингке келушілерден жасанды кірпік жалғамауды өтінді

12:52, 23 маусым 2017   99

«Қазақфильм» киностудиясы «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігі» және «Тұмар» тарихи туындысына кастинг жариялаған болатын. Бүгін киностудияның баспасөз қызметі кастинг барысында қойылатын талаптарды жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Спорттық дене бітімді, жасыл немесе көк көзді, шаштары сарғыш адамдарды қуана қарсы аламыз. Құрметті әйелдер қауымы! Кастингке бет бояусыз және жасанды кірпіксіз келулеріңізді сұраймыз. Татуажы бар қыз-келіншектерді қабылдамаймыз», - делінген хабарламада.  

Айта кету керек, «Елбасы жолы. Бейбітшілік кіндігі» фильмін  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ «Sataifilm» кинокомпаниясымен бірлесіп түсіргелі отыр. Ал массагеттердің патшайымы туралы «Тұмар» атты тарихи жобаға кастинг үстіміздегі жылдың қыркүйек айына дейін жалғасады.

Кастингке 16 жастан жоғары барлық қазақстандықтар қатыса алады. Алматы қаласында іріктеу киносудияның ғимаратында өтіп жатыр.

Айта кетсек, бұл фильмдерге кастинг Қазақстанның басқа да қалаларында өтіп жатыр.  Жақын күндері кастинг Павлодар, Семей, Өскемен қалаларында өтетін болады. Кастингке қатысам деген 16 жастан жоғары адамдарға casting_satai@mail.ru  электронды поштасына өзі туралы ақпарат пен фотосуреттерін жіберуі тиіс.


www.inform.kz

Шалқар радиосы

Байланыс телефондары:

«Шалқар» радиосының 50 жылдығы қайырымдылық шараларымен өтуде

Қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау арқылы ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосы биыл өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жыл басынан бері радио басшылығының бастамасымен бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді.

«Шалқар» ұжымы наурыз айында «Тұран-Астана» университетінде Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді.

Сондай-ақ, 27 наурыз – Театр күніне орай Қазақ драма театрлары арасында  «Шалқар шабыт» атты байқау ұйымдастырды. Онда республикалық театр репертуарларынан үздік 12 қойылым таңдап алынып, радионың ресми shalkarfm.kz сайты арқылы  дауыс беру жүргізілді.

Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауы жарияланды. Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер бас қосып, үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Бұдан бөлек, 50 жылдыққа орай үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы эфирге шықты. Ерекшелігі –жобаға кәсіби және әуесқой әншілер ең соңғы шыққан әндерін ұсынады. Жолданған әуен радионың Көркемдік кеңесі арқылы іріктеледі. Ай қорытындысы бойынша shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады және жылдық байқауға жолдама алады.

«Қолға алынған жобалар мен атқарылған игі істердің барлығы - «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.

Радио өнімдері қазіргі кезде ел аумағының 62,04 пайызына тарайды. Апта сайын әуе толқынына 75 радиохабар шығады. 

Олардың ішінде музыка - 54%, танымдық хабарлар -10 %-ды, әдеби-музыкалық хабарлар - 20 %-ды, мәдени-сауықтық бағдарламалар – 10 %-ды, «Алтын қор» хабарлары -  3 және жарнама 3 %-ды құрайды.

Тыңдармандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында тікелей толқында өтетін «Таңжарық», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп келеді.

Радио эфирінен аптасына бір рет берілетін мәдени-танымдық «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Дәстүр», «Жақсының жары», «Зиялы қауым», «Парыз», сондай-ақ, әдеби-музыкалық  «Түркі сазы», «Наридірген», «Күй-шежіре», «Шабыт», «Аққулы айдын» сынды хабарлар бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна әлі де сол қалпынан жаңылған жоқ.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.