Ержан Максим: «Андреа Бочеллимен бірге ән салғым келеді»

09:32, 28 қараша 2019   63

Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында екінші орын алған қазақстандық әнші Ержан Максим өзінің арманын айтты. «Андреа Бочеллимен бірге ән салғым келеді. Басқа да атақты адамдармен, мәселен Лара Фабианмен, Селин Дион мен Димаш Құдайбергенмен бірге ән айту – менің арманым», - деді ол министр Ақтоты Райымқұловамен кездескен жиында.

Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Ержан Максимге алдағы уақытта да қолдау көрсетілетінін атап өтті. «Ержан оқуын жалғастырады. Кәсіби тұрғыда да, тұлға ретінде жетіле береді. Адамның даусынан-ақ қандай тұлға екенін аңғаруға болады. Кәсіби табысымен бірге Ержан ғылымды да меңгеріп, көп оқып, шынында да мықты әнші бола берсін деп тілеймін», - деді ол.

Еске сала кетсек, Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауында бақ сынаған қазақстандық Ержан Максим екінші орын алған болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ержан Максимді ән байқауындағы жүлдесімен құттықтады.