Елордалық медицина ұйымдарына қолдау

10:44, 27 қараша 2019   52

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 761 млрд теңге төледі. Қаржы тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) шеңберінде бөлінді.

«2019 жылдың 25 қарашасындағы мәліметтер бойынша, Қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшарт жасаған жеткізуші компанияларға 84,4 млрд теңге төленді. Бұл тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі шеңберінде жасалған келісімшарттардың жалпы сомасының 81,6 % пайызын құрайды», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалымен келісімшартқа отырып, тапсырыс алып жатқан, соның ішінде емхана қызметіне қызығушылық танытып отырған жекеменшік клиникалар саны артып келеді. Биылғы жылы елордалықтарға мемлекеттік тапсырыс аясында медициналық қызмет көрсету үшін Қормен келісімшарт бекіткен 106 медициналық ұйымның 71-і, яғни 68,9%-ы жекеменшік.

Жалпы, 2019 жылы кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге мүдделі медицина ұйымдарымен 103,4 млрд теңгеге келісімшарт жасалды. 2019 жылы ТМККК қаржыландыру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 12,7 %-ға артық.

Естеріңізге сала кетсек, МСҚ – тегін медициналық кепілдендірілген көмек көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеттерінің қаржылық операторы.

Медициналық сақтандыру жүйесі – медициналық қызмет сапасы мен оның қолжетімдігінің кепілі.