Дінтанушылардың ХІ форумы өтті

16:30, 6 қараша 2019   55

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Ораз деструктивті ағымға ерген азаматтарды радикалды райынан қайтару жұмысы қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді.

«Ашығын айтқанда, дін қызметкерлерінің қоғам алдындағы жауапкершілігі археологтардың жұмыс бағытына ұқсайтын аманаты үлкен сала. Нәзік саланың мамандары, яғни археологтар мен имамдар жерді белден қазып, жұмысты өндіріп жасайын десе, топырақ астындағы тарихи жәдігерлерді бүлдіріп не сындырып алатыны ақиқат. Рухани мұраны аршып алуға сабыр мен төзім, ұқыптылық пен тиянақтылық қажет. Адам санасын оңалту да осындай: жылдар бойы жинақталған түйсіктегі теріс діни түсінікті күндер мен айлармен түзете алмайсың», - деді Бас мүфти Қазақстан Дінтанушыларының ХІ форумында.

Бас мүфтидің айтуынша, бүгінде білім мен тәжірибесі толысқан имамдардың да осы бағыттағы жұмыстарының арқасында елімізде жыл сайын 500-ден астам азамат жат ағымнан бас тартып, дәстүрлі дінімізбен қауышып келеді.