«Балуан Шолақ» толықметражды көркем фильмі алғаш рет телеэкраннан көрсетіледі

16:08, 28 қараша 2019   71

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсіріліп, биылғы жылдың көктемінде ұлттық прокатқа шыққан тарихи туынды 1 желтоқсан - ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының эфирінен көрсетіледі.

Жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Жаужүрек» пьесасының желісі бойынша түсірілген туынды қазақ палуаны, әнші әрі композитор Балуан Шолақтың өміріне арналған және даңқты тұлға туралы тұңғыш фильм. Онда Балуан Шолақ рөлін танымал театр және кино актері Еркебұлан Дайыров сомдайды.

Кинолентада атақты палуанның жеке өмірі мен өскен ортасы, әншілігі мен сазгерлік қырынан өзге, қилы тағдыры мен туған еліне деген шексіз махаббаты көрініс табады. Кинокартина осы күндері Үндістанның Гоа штатында өтіп жатқан 50-ші Халықаралық кинофестивальге «Әлемдік премьера» бағдарламасы бойынша ұсынылып, әлем киногерлері тарапынан жоғары бағаға ие болды.