Алматыда жұмыс істейтін жастарға 249 жалдамалы пәтер беріледі

17:03, 15 қараша 2019   80

Қараша айының соңына дейін Алматыда жұмыс істейтін жастарға 249 жалдамалы пәтер беріледі. Бұл туралы Алматы қаласының Тұрғын үй саясаты басқарма басшысының орынбасары Айбек Сайделдаев мәлімдеді.

Алматыда жұмыс істейтін жастардан өтініштер мен құжаттарды қабылдау үшін қалалық әкімдік almaty-jastary.kz арнайы сайт әзірлеген болатын. Онда 30 қазаннан 12 қарашаға дейін өтініштер қабылданды. Жұмыс істейтін жастарға жалдамалы баспана 5 жылға беріледі. «Ережеге сәйкес, жас адамның тұрақты жұмыс орны болуы керек. Себебі, біз жастарға өз тұрғын үйін сатып алу үшін бастапқы жарна жинауға мүмкіндік береміз»,- деді Айбек Сайделдаев.

Оның айтуынша, бір бөлмелі пәтерді жалға алушылар айына 5 мың теңгеден төлейді, коммуналдық қызметтерге бөлек төлейді. Жыл соңына дейін Алматыда 1050 пәтердің кілтін табыстау жоспараланып отыр.