«Шалқар» радиосының 50 жылдығы қайырымдылық шараларымен өтуде (ФОТО)

09:33, 13 шілде 2016   1595

Қазақ халқының мәдени, рухани құндылықтарын насихаттау арқылы ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосы биыл өзінің 50 жылдығын атап өтуде. Осыған орай жыл басынан бері корпорация Төрағасының бастамасы бойынша, радио басшылығының ұйытқы болуымен бірқатар қайырымдылық шаралары өткізілді.

«Шалқар» ұжымы қаңтар айында «Алау» мұз айдыны сарайында радионың 50 жылдық мерейтойының басталғаны туралы Журналистер арасында конькимен жарыс өткізіп, елге жариялады.

Ақпан айында «Тұран-Астана» университетінде Астана қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін өткізді. Ал, 13 наурыз күні SOS балалар қалашығында балаларға арнап Наурыз көже беріп, ән мен жырдан шашу шашты.

Сондай-ақ, 27 наурыз - Театр күніне орай Қазақ драма театрлары арасында ұйымдастырылған «Шалқар шабыт» атты байқауды қорытындылады. Онда радионың төл жобасы – «Шабыт» радиотеатрында эфирге шыққан республикалық театр репертуарларынан үздік 12 қойылым таңдалып алынып, сайт арқылы  дауыс беру жүргізілді.

Ал, 1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауы жарияланды. Ән додасында еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі өрендер бас қосып, үздік қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Радио ұжымы Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты да іс-шаралардан кенде емес. Астана қаласы әкімдігінің «25 жылдыққа - 25 игі іс» акциясының аясында қаладағы қарттар үйіне де барып, үлкендердің батасын алып қайтты. Сондай-ақ, апта сайын эфирге шығып, Қазақ радиосынан қайталанатын «Тәуелсіздік шежіресі» хабары да «Шалқар» радиосының төл жобасы.

Бұдан бөлек, 50 жылдыққа орай үздік әндерді анықтауға арналған «Саз керуен» бағдарламасы эфирге шықты. Ерекшелігі - жобаға кәсіби және әуесқой әншілер ең соңғы шыққан әндерін ұсынады. Жолданған әуен радионың Көркемдік кеңесі арқылы іріктеледі. Ай қорытындысы бойынша shalkarfm.kz сайты арқылы ең көп тыңдалған ән радионың «Алтын қорына» тапсырылады және жылдық байқауға жолдама алады.

«Қолға алынған жобалар мен атқарылған игі істердің барлығы - «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.

Радио өнімдері қазіргі кезде ел аумағының 62 пайызына тарайды. Апта сайын әуе толқынына 75 радиохабар шығады. Олардың ішінде музыка - 54 пайыз, танымдық хабарлар - 10 пайызды, әдеби-музыкалық хабарлар - 20 пайызды, мәдени-сауықтық бағдарламалар - 10, «Алтын қор» хабарлары -  3 және жарнама 3 пайызды құрайды.

Тыңдармандар әр аптаның дүйсенбі-жұма күндері аралығында тікелей толқында өтетін «Таңжарық», «Елім менің», «Ұшқын» бағдарламалары арқылы ой-пікірлерімен бөлісіп келеді.

Радио эфирінен аптасына бір рет берілетін мәдени-танымдық «Әлқисса», «Біздің елдің жігіттері», «Отырар кітапханасы», «Ел суреттері», «Білімдіден шыққан сөз», «Дәстүр», «Жақсының жары», «Зиялы қауым», «Парыз», сондай-ақ, әдеби-музыкалық  «Түркі сазы», «Наридірген», «Күй-шежіре», «Шабыт», «Аққулы айдын» сынды хабарлар бүгінде көпшілік сұранысына ие.

Қазақ әдебиетінің сүбелі шығармаларын, ұлттық музыкасын, ғасырлар қойнауынан жеткен ғұламалар ғибратын кеңінен насихаттауды мақсат тұтқан арна әлі де сол қалпынан жаңылған жоқ.

Радио 2012 жылдан бастап Астана қаласындағы заманауи үлгіде салынған «Қазмедиа орталығынан» хабар таратып келеді.