«Шалқар» радиосы ұйымдастырған балалар арасындағы республикалық ән байқауы қорытындыланды (ФОТО)

17:38, 1 маусым 2016   1514

«Шалқар» ұлттық радиосы өзінің 50, Қазақ радиосының 95 және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай балалар арасында «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауын жариялаған болатын.

1 айдан астам уақыт ішінде Көркемдік кеңестің қарауына 5-12 жас аралығындағы балалардан 50-ге жуық жұмыс келіп түсті. Олардың арасынан қорытынды кезеңге 15 қатысушы іріктеліп алынды. Таңдаулы үміткерлердің қатысуымен бүгін елордадағы Оқушылар сарайында байқаудың қорытынды кеші өтті. Концертте бүлдіршіндер еліміздің эстрада жұлдыздарымен қосылып ән шырқады. 

Мерейтойлық шарада өнер көрсеткен әншілер арасында Алтынай Жорабева, Маржан Арапбаева, Димаш Құдайберген, Айсәуле Бейсенхан және ағайынды Жүгінісовтер бар. 

Кешке Астана қаласы Мәдениет басқармасы атынан Ықылас гүлі әкелінді. 

Қорытынды бойынша, байқаудың Бас жүлдесін елордалық үміткер Қабдыл Нұрайым иеленді. Жеңімпазға жүлдені «Әдемі-ай» компаниясының директоры Бахаргүл Төлегенқызы табыстады.

І орын халық әні «Хәләулімді» орындап, көпшілік ықыласына бөленген Астана қаласының кішкентай тұрғыны Айару Рахатқа табысталды.

ІІ орынды Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Кәкім Ердібаевтың «Сұр құлын» әнімен елордадағы № 54 мектеп-лицейінің оқушысы Айдын Мәдетхан жеңіп алды. Жеңімпазға марапатты Қазақ радиосы директорының орынбасары - «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепберген тапсырды.

Талантты балдырғандар арасынан үш бірдей ІІІ орын иегері анықталды. Олар: астаналық үміткер Айша Ерлан,  Эмиль Жанәділов және Батыс Қазақстан облысынан келген  өнерпаз Әлішер Сүндетов.

Жүлдегерлерге марапатты Қазақ радиосы бағдарламалар бөлімінің басшысы Оңғарбек Құралов,  «Шалқар» радиосының  Бас редакторы Серік Сейітман және  «Бақ орда» компаниясының директоры Мәди Манатбек тапсырды.

Байқаудың өзге қатысушылары І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында бүлдіршіндерге арнайы әзірленген тәтті торт үлестіріледі. Кешті «Шалқар» радиосының журналистері Мұхтар Тұртайұлы мен Бағдагүл Рахметқызы жүргізді.