Серік Сейітман: «Шалқар» радиосының 50 жылдығына орай ай сайын қайырымдылық шаралары өткізіліп келеді


12:22, 2 маусым 2016   1387

«Шалқар» радиосы өзінің 50 жылдығына орай балалар арасында «Шалқар әнім» атты республикалық ән байқауын жариялаған болатын.

1 айдан астам уақыт ішінде Көркемдік кеңестің қарауына 5-12 жас аралығындағы балалардан 50-ге жуық жұмыс келіп түсті. Таңдаулы үміткерлердің қатысуымен елордадағы Оқушылар сарайында байқаудың қорытынды кеші өтті.

Бас жүлдені елордалық үміткер Қабдыл Нұрайым иеленді. І орын халық әнін орындап, көпшілік ықыласына бөленген Астана қаласының кішкентай тұрғыны Айару Рахатқа табысталды. ІІ орынды елордадағы № 54 мектеп-лицейінің оқушысы Айдын Мәдетхан жеңіп алды.

Талантты балдырғандар арасынан үш бірдей ІІІ орын иегері анықталды. Олар: астаналық үміткер Айша Ерлан,  Эмиль Жанәділов және Батыс Қазақстан облысынан келген  өнерпаз Әлішер Сүндетов.

 «Биыл еліміздің ұлық мерекесі - Тәуелсіздігімізге 25 жыл. «Шалқар» радиосының 50, Қазақ радиосының 95 жылдығы осы мерейлі датамен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай,  радио ұжымы ай сайын түрлі қайырымдылық шараларын өткізуді қолға алып отыр.

Бұған дейін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арнап қайырымдылық концертін, Наурыз тойына арналған мерекелік шара, Халықаралық театр күніне орай арнайы байқау және журналистер арасында шаңғы жарысы өткен болатын. Енді, міне Балалар мерекесіне орай, кішкентай таланттар арасындағы ән додасына куә болдыңыздар Бұл - ұлттың үнжариясына айналған «Шалқар» радиосының қазақ руханиятына деген қамқорлығы», дейді радионың Бас редакторы Серік Сейітман.